фото: Halyq Uni
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков ата-аналар Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен балалардың шотына аударылатын ақшаны бақылай алатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, кәмелетке толмаған қазақстандықтарға бірдей сомада ақша аударылады. Сондай-ақ әр ата-ана шотта қанша жиналғанын көре алады.
"Бағдарлама операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бекітіліп отыр. Шоттағы ақшаны қордың ресми сайтынан қарауға болады. Сонымен қатар, әділет министрлігімен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да көруге мүмкіндік беру мәселесін пысықтап жатырмыз", - деді Темірбеков Сенат кулуарында.
БЖЗҚ-ның да өз қосымшасы бар. Біз бұл мәселені әртүрлі қолжетімді қосымшада пысықтаймыз деген ойдамын, деп толықтырды вице-министр.
Айта кетері, "Ұлттық қор – балаларға" жобасы келесі жылы басталады. Бағдарлама аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының елу пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы шотына аударылады.
Қаражатты кәмелетке толғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Әзірге қаражатты оқуға немесе баспана сатып алуға жұмсау көзделіп отыр.
Үкіметтің болжамы бойынша 18 жасқа дейінгі қазақстандықтың шотына жыл сайын 150-160 АҚШ доллары түседі.