14 сәу, 2022 сағат 14:35

Балаларды кибербуллингтен қорғау – әлеуметтік желіні жабу емес – министрлік


Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заң жобасындағы әлеуметтік желілердің ресми өкілдігі жайындағы норманы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір бізде Facebook, Instagram, Tik-Tok, ВКонтакте сияқты үлкен халықаралық интернет-ресурстармен жұмыс жүріп жатыр – барлығы түсіністік танытып, келісім беріп отыр. Үлкен халықаралық интернет-ресурстар баланы кибербуллингтен қорғау қажеттігін жақсы түсінеді. Ірі желілердің де өз қауіпсіздік қызметтері бар, олар мұны қадағалап отырады», - деді Данияр Қадыров Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында. 

Министрлік өкілі бұл заң жобасында репрессивті әдістер жоқ екенін атап өтті. 

«Заң күшіне енген соң, алты айға дейін уақыт беріледі. Өздеріңіз білетіндей, телеарналардың да өкілдіктері бар. Бұл да қоғамдық резонанс болды, бірақ бірде-бір телеарна жабылмады, барлығы жұмыс істеп тұр. Егер Қазақстан заңдарын бұзбаса, бірде-бір әлеуметтік желі бұғатталмайды. Бұл тек осы Заң жобасымен ғана реттелмейді – БАҚ туралы Заң, Байланыс туралы заң бар. Желіні мүлдем жабу туралы ештеңе айтылып отырған жоқ», - деді Қадыров. 

Еске сала кетсек, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.