17 мам, 2022 сағат 22:32

Балалар жылында 2,3 млн оқушы жазғы лагерьде демалады


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Балалар жылы аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша кеңес өтті, сондай-ақ жазғы демалысты ұйымдастыру мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кеңеске мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мен оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 2022 жылы мақсатты құрылыс есебінен жаңа мектептерді іске қосу жоспарланғанын атап өтті. 

Жыл сайын балаларды жазғы демалыспен қамту көрсеткіші артады. 

Жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру лагерлерінде 2,3 млн қазақстандық оқушы демалады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллионға көп.

Сондай-ақ биыл сауықтыру лагерлері мен алаңдарының саны айтарлықтай өсті. 

Жалпы республика бойынша 11 мыңнан астам мектеп жанындағы, қала сыртындағы, шатырлы, спорттық, киіз үй лагерлері жұмыс жасайды. 

Ал күзге қарай қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін грант саны 73 мыңға дейін артады. 


Өз кезегінде вице-премьер Денсаулық сақтау министрлігіне балалар лагерлерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі ең басты міндет екенін атап өтті.

Бұдан әрі Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ведомство желісі бойынша 9 іс-шара көзделгенін, оның бесеуі 1 млн астам баланы қамти отырып өткізілгенін хабарлады. 

Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында қалған 4 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Сондай-ақ оның айтуынша, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спорт инфрақұрылымын дамытудың жоспар-кестесінің жобасын әзірледі, оған 113 жаңа нысан салу, 21 нысанды жаңғырту және 6 ірі нысанды қосымша жарақтандыру жұмыстары кіреді.

Ералы Тоғжанов елдің ертеңі балалардың бүгінгі жағдайына байланысты екендігін тағы да еске салды. 

Осыған байланысты вице-премьер барлық уәкілетті органдарға балалар жылын өткізу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. 

Жергілікті атқарушы органдарға өңірлерде мектеп салу ісін жеделдету қажеттігін ескертті.