04 нау, 2020 сағат 16:22

Балалар жазушысы талдықорғандық оқушылармен кездесті

Бүгін Талдықорған қаласындағы С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханада балалар жазушысы Рима Әбіқаеваның балаларға арналған кітаптарының тұсаукесері болып, мектеп оқушыларымен жылы жүздесуі өткізілді. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты.

Алдымен сөз алған Лаззат Тұрлашов елімізде балалардың білім алуы мен тәрбиесіне жасалып отырған жағдайлар, балалар әдебиетінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жайлы қысқаша баяндап, жазушының жетісулық балғындармен кездесуіне сәттілік тіледі.

Рима Әбіқаева Талдықорғанға келгендегі мақсатына тоқталып, балаларға ертегі оқып берді. Ертегінің мазмұнына байланысты арнайы жасалған суретті безендірулер телеэкранда қатар жүріп отырды. Бұл оқушылар үшін өте әсерлі болды. Мұнан кейін жазушының кітаптарын шығару ісін ұйымдастырушы, ҚР Футгольф федерациясының президенті Светлана Тоққұлова балалармен оқылған ертегілер туралы пікірлерін сұрап, әңгімеге тартты. Оқушыларға қазақ және орыс тілдерінде түрлі түсті көркем суреттермен безендірілген жазушының кітаптары таратылды. Оқушылар авторға түрлі сауалдарын қойып, әңгімені жандандыра түсті.

Кездесу соңында Р. Әбіқаеваға Л. Тұрлашов Жетісу өңірі жайлы кітапты сыйға тартса, жазушы өз тарапынан С.Сейфуллин атындағы кітапхана қорына 50-ге тарта кітаптарын тарту етті. 

Атап өтсек, жазушы Рима Әбіқаева 2-9 жастағы балаларға арнап 29 ертегі, 70 өлең жазған. Ресейдегі И.А.Бунин атындағы Жаратылыстану ғылымдары академиясының күміс медалінің иегері.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.