11 нау, 2017 сағат 11:10

Балалар жаппай уланған Березов пен Бестаудан биыл 1455 адам көшіріледі

Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Березов және Бестау ауылы тұрғындарын көшірудің екінші кезеңінде 1455 тұрғын қоныс аудармақ, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бөрлі ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі таңда жаңа үйлер құрылысы аяқталып келеді. Екінші кезеңде Березовтан 1348, Бестаудан 107 тұрғын көшірілмек. Тұрғындардың таңдауына орай Ақсайда салынып жатқан көп қабатты екі тұрғын үйге, қалаға іргелес Аралтал ауылында жер телімі бар жеке үйлерге қоныс аударуына немесе ақшалай өтемақы алуларына мүмкіндік берілген. Атап айтқанда, аудан орталығында көп қабатты үйлерге көшуге 270 (Березовтан 253, Бестаудан 17) өтініш түссе, 95 адам (Березовтан 88, Бестаудан 7) жер телімі бар үйлерге баруға тілек білдірген. Тағы біреуі Жарсуат ауылына қоныс аудару ниетінде болса, ақшалай өтемақы алуға 3 өтініш түскен. Бір тұрғынның мұрагерлік құжатының рәсімделмеуіне және тағы үшеуінің қоныс аудару туралы түпкілікті шешімінің болмауына байланысты күні бүгін төрт адамның өтініші қабылданған жоқ.

Жоспарға сәйкес, Ақсай қаласындағы Қарашығанақ-1 шағынауданында «АзияТехСтрой» ЖШС мен «АТК» компаниясы салып жатқан 153 пәтерлік екі тоғыз қабатты үй қоныс аударушылардың игілігіне берілмек. Қазіргі кезде бұл үйлердің сегіз қабаты көтеріліп қалды, инженерлік коммуникациялар да қоса жүргізілуде. Ал Аралтал ауылында мердігер ұйымдар «Марасант» ЖШС мен «Строительная инициатива» ЖШС 100 үйдің есік-терезелерін қондырып, ішкі сылақ және басқа жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар Березов пен Бестау балалары үшін 300 орындық мектеп, 320 орындық балабақша да пайдалануға берілетін болады.

Аталмыш ауылдар тұрғындарын Ақсай қаласына көшіру мәселесі Батыс Қазақстан облысы басшылығының ерекше бақылауында.

Еске сала кетейік, 2014 жылғы 28 қарашада Березовта балалар жаппай газдан уланған оқиғадан кейін Үкімет қаулысына сәйкес көшірудің бірінші кезеңінде 82 отбасы  немесе 416 адам (Березовтан 390, Бестаудан 26) Ақсай қаласының 5-шағынауданында салынған 80 және 75 пәтерлік үйлердегі 128 жаңа пәтерге қоныс аударған болатын. Березовта барлығы 1675 (423 үй), Бестауда 133 тұрғын (31 үй) тіркелген еді.