Жуырда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 74-маусымын бастады. Бұл маусым режиссер Ержан Қауланов қойған ағылшын драматургі Рэй Кунидің «№13» комедиясының премьерасымен ашылды.
Ә дегеннен-ақ театр ұжымы ерекшеленуге тырысыпты. Маусымның ашылуына өнер майталмандары мен зиялы қауым және БАҚ өкілдерін ғана емес, шоу-бизнес, той бизнес өкілдері, әнші-продюсерлерді де қоса шақырған. Тіпті олардың қатарында атышулы Ninety one тобы да бар. Әдетте бұл топты көпшілік шараға көп адам тарту үшін «қолданатыны» белгілі. Сонымен қатар барлық қонақтарды қызыл кілеммен жүру рәсімін ұйымдастырған. Қызыл кілеммен жүріп өткендердің қатарында «Жігіттер» тобы, продюсер Баян Мақсатқызы, Айқын Төлепберген сияқты шоу-бизнес өкілдері де бар.
Рэй Кунидің «№13» комедиясын қазақшаға аударған – Еркін Жуасбек. Ричард рөлінде – Мақсат Сәбитов, Джейн Уорзингтон – Аида Жантілеуова, Джорд Пигден – Ербол Садырбай.
Ирониялық сатираға бай Рэй Кунидің «№13» комедиясы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрда қалай сахналанады дегенде бұл қалай болар екен деп елең ете қалдық. Спектакльдің суретшісі Айдана Бисембаева бар өнерін салыпты-ақ. Шымылдықтың ашылғанынан қалталы азаматтар тоқтайтын қымбат әрі әдемі қонақүйдің №13 бөлмесі бейнеленеді. Есік-терезе, шкаф, қонақ үй жиһаздары бәрі де өз орнын тауып орналастырылған.
Әңгіменің қонақүйден басталғанынан-ақ түсіне беріңіз. Саяси шенеунік Ричард пен қарсылас партияның өкілі Джейн Уорзингтонның арасындағы жеке қарым-қатынас суреттеледі. Спектакльдің басында ақ шешінген Джейн – Аида Жантілеуованың образы жұртты елең еткізді.
Даяшының да қылықтары ерсі көрінеді. Еуропаға ғана тән қылықтар, қызмінезді еркек бейнесі ашық көрсетілді.
Ричард пен Джейннің бір-біріне ынтық сезімі мен сексуалдық көзқарастары да анық байқалады. Отбасылы еркек пен күйеуі бар әйелдің ашыналық қарым-қатынасының оқиғасын балалар мен жасөспірімдер театрынан көрсету – қазақ өнеріне жат көрінді.
Театр директоры комедиялық қойылымның айтар ойын іздемеу керек десе де, режиссер Ержан Қауланов пен аудармашы Еркін Жуасбек бұл жұмысқа кіріскенде спектакльдің қазақ театрында, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер театрында қойылатынын ескермеген сияқты.
Рэй Кунидің «№13» комедиясы әлемдік тәжірибеде кассалық комедия болғанымен, қазақ театрының балалар мен жасөспірімдер бағытында көрсетілуіне ерте емес пе деген ой келді бізге.
Ал, сіз қалай ойлайсыз?..
А.Мұсабек
(Суреттерді түсірген автор)