Фото: "Хабар" телеарнасы сюжетінің кадры
Ақтөбе облысында 659 отбасы 20 жыл бұрын апатты деп танылған үйлерде тұрып жатыр. Өткен ғасырдың орта тұсында салынған ғимараттардың қабырғасы сөгіліп, іргетасы шөгіп барады. Тұрғындар шатыры ортасына түсіп, жазатайым боламыз ба деп қауіптенеді. Бұл туралы "Хабар" арнасының сюжетінде айтылады.
Зейнеттегі қала тұрғыны Қания Ажғұлова екіқабатты баспананың пәтер етіп жарақтаған жертөлесін паналауға мәжбүр. Бұл ғимаратта мұндай үйдің бірнешеуі бар екен.
20 жыл бұрын апатты деп танылған нысанның қабырғасы сөгіліп, шатыры тесілген. Жылыту жүйесі де ескіргендіктен тұрғындардың дені сыз өтіп, сырқатты болған.
"Балалар ауырып, келінім де ауырып, балалар – астма. Бір үлкен балам 16-дағы мына мұрнымен демала алмайды. Енді міне, мен ауру болып отырмын. Енді не істейміз? Биыл қысты көтере алмаймыз біздер. Мына батарейді қамыт кигізіп отырмыз жан-жақтан бәріміз де", - дейді телеарна тілшісіне берген сұхбатында жергілікті тұрғын.
Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін инвесторларға иек артқан. 3 жыл бұрын құрылыс компаниясымен меморандумға қол қойыпты. Мемлекет қорынан жер телімін беріп, мердігер көпқабатты баспана тұрғызуға тиіс болатын. Жаңа ғимараттағы 58 пәтер апатты үй тұрғындарына үлестірілуі керек. Алайда құрылыс тоқтап қалған.
"Қыркүйек айында осы үйдің қабырғасын көтереміз деп уәде еткен. Енді алайда өздерінің қаражаттарының тапшылығына сәйкес қараша айына дейін уақыт сұрап отыр. Егер осы қараша айына дейін өз жұмыстарын бастамаған жағдайда қала әкімдігі берілген осы 8 гектарды қайтадан қала қорына алады. Және де басқа инвестор компаниялармен қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сол компанияға беріледі", - дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаева.
Қала әкімдігі апатты ғимарат тұрғындарына баспана құнын өтеуді де ұсынып отыр. Мәселен, Тынышпаев көшесіндегі мына үйдегі 8 пәтерді сатып алуға бюджеттен 40 млн теңге бөлінген.