Суреттерді ұсынған Алина Головлева
Стоп-моушн-анимация студиясының негізін қалаушы, Киев тұрғыны Алина Головлева Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Украина астанасындағы қазіргі жағдай туралы айтты.
Қыздың айтуынша, оның отбасы автотұрақта түнеуге мәжбүр болған.
"Кеше, 24 ақпанда жарылыс дыбысын естідік. Жағдайды таңертең сағат 6-да жаңалықтардан көрдік. Бастапқыда абдырап қалдық. Қайда баратынымыз белгісіз. Нені жинақтау керек, не алу керек, қанша уақытқа, бәрі белгісіз болды", - деді ол.
Біраз уақыт өткен соң ол күйеуі мен қызы үшеуі достарына баруды ұйғарған.
"Осы кезде үй маңында алғашқы ұшақтар пайда болды. Қорқынышты, қатты дыбыстар шығып тұрды. Сәл күтіп, кейін достарымызға шығып кеттік. Бірақ оларға жеткенше шабуыл өршіп, бірден қайтып келдік. Адамдар көп болды, бірақ қанша екенін айту қиын. Біз автотұрақта отырдық, ол жақта суық. Үйлеріне қайтқандар аздан соң оралып жатты. Таңертең Позняков ауданында күшті жарылыстар болып, бәрі қайтып келді. Дүкендер мен дәріханалар туралы ештеңе білмейміз, ешкімнің шығуға батылы бармайды", - деді Алина.
Күндіз отбасы үйлеріне қайтуды ұйғарған, бірақ әуе шабуылы туралы дабыл қосылған сайын, көпшілік жер астындағы тұраққа оралуға мәжбүр.
"Суықтан әбден шаршадық. Бүгін тағы қиын күн болады деп жатыр, біраз демалып, қайтадан тұраққа қайтатын шығармыз. Сол жерде түнейміз", - деді ол.
Тұрғындар ескі жиһаздар мен төсектерді көлік тұрағына алып шыққан.
Балалар мойнына аты-жөні, туған күні, ата-анасының байланыс деректері жазылған белгі тағып жүр.
1494 рет оқылды