Фото: almaty.tv
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев екі бала зардап шеккен балалар алаңындағы төтенше жағдайдан кейін Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс әкімдігінің ақпаратынша, Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің аулаларды абаттандыруға жауапты орынбасары жұмыстан шығарылады. Сондай-ақ қалада қауіпсіздікті күшейту үшін абаттандыру ережелерін қайта қарау керектігі айтылды.
"Өткен аптада бізде төтенше жағдай болды. Ересектердің немқұрайлылығынан екі бала зардап шекті. Мен барлығына бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын: ойын алаңдарын жөндегенде, ең алдымен қауіпсіздік туралы ойланыңыздар! Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар, ештеңе құлап жатпауы керек! Мердігерлер асығыстық танытып, тезірек ақша тапқысы келеді, ал кейбір әріптестеріміз бұған көз жұмады", – деді өңір басшысы аппарат кеңесінде.
Ол қала әкіміне Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарына мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрады.
"Мұндай нәрселерге бұдан былай жол беруге болмайды. Абаттандыру ережелерін қауіпсіздікті арттыру бағытында қайта қарауды тапсырамын. Мысалы, неге жасанды көгалдың орнына тартан жабынын қолданбасқа. Мұның бәрін зерттеу керек, өзгерістер енгізу керек. Біздің мақсатымыз – қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету. Бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет", - деді Бөлекпаев.