Алматыда медициналық қызметтердің сапасы артады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Думан» ықшамауданының тұрғындарымен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданы әкімінің есептік кездесуіне қатысты. Жиында Сұлтанбек Алмасбекұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен шешілген инфрақұрылымдық мәселелер туралы баяндады.
Өткен жылы жалпы ұзындығы 33 шақырым болатын 19 көшенің сыртқы жарықтандыру желісінің құрылысы аяқталды. 1084 жарық нүктелері орнатылды. Ағымдағы жылы 279 көшеде және 27 аулада 6200 жарық нүктесін орнату жоспарда.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, өткен жылы Керей мен Жәнібек хан көшелерінің мәселесі шешілді. Мұнда көшкін салдарынан жеке үйлердің құлау қаупі болған. Қазіргі уақытта беткейді нығайту жұмыстары аяқталды. Жол жөнделіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ бірнеше жылдан бері көктемгі және күзгі уақытта «Терісбұлақ» өзенінің бойындағы 50-ден астам жеке тұрғын үйді су басатын. Бұл мәселеде өз шешімін тапты. Өзен арнасын тереңдете отырып, қалпына келтіру-нығайту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 2019 жылы Медеу ауданына қарасты 52 аулаға күрделі және 30 аулаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы 41 аула қайта қалпына келтіріледі. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Тау-Самал», «Кеңсай», «Көлсай», «Сұлусай» ықшамаудандарында 4 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Осылайша 12 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмектің қолжетімділігі қамтамасыз етілді.
Есептік жиынға қатысқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, медициналық мекемелерді жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі өзектілігін жойған емес. Өткен жылы жүргізілген аудит қаланың емханалары мен ауруханаларының жабдықталуы небәрі 20%-ды құрайтынын көрсетті.
«Сондықтан біз қаланың медициналық мекемелерін жаңарту мен қажетті жабдықтармен жарақтандырудың үш жылдық жоспарын әзірледік. Осылайша медмекемелердің жабдықталуын 90%-ға жеткізбекпіз. Осы жылға қаражат бөлінді», – деді қала әкімі.
Кездесуді қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев тұрғындарды ашық әңгімесі үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулер әкімдіктегілерге тұрғындардың талап-тілегін жақынырақ білуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Шағын учаскелердегі мұндай кездесулер әр ауданда өтуде. Тұрғындардың белсенділігі жергілікті сипаттағы проблемаларды жедел шешуге, сондай-ақ қысқа мерзімді және орта мерзімді даму жоспарларына түзету енгізуге септігін тигізеді», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.