Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық қоғамдық кеңес отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы қалалық қоғамдық кеңесі - республикадағы ең белсенді кеңес саналады. Бұл кеңес қаланың ең жанды, ең өзекті мәселелерінің шешімін іздейтін маңызды ұйымға айналды. Қоғамдық пікірталас экология, сәулет, транспорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік инфрақұрылым, тағы басқа мәселелер төңірегінде туады. Бұл мәселелердің шешімі әкімдік жұмысының нәтижесінде табылып келеді», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Қала әкімі қоғамдық кеңестің әлеуметтік маңызын тілге тиек етті.
«Сіздер үнемі халықтың арасында жүресіздер. Қала тұрғындарының әлеуметтік көңіл-күйінің тамырын дөп басасыздар. Қалалықтардың басты қажеттіліктерін таба отырып, оны мемлекеттік мүддемен, биліктің шешу жолдарымен ұштастыруға тырысасыздар. Мен қалалықтармен ашық араласуға дайынмын. Қаланың даму жоспарын бірге талқылайық», - деді әкім.
Айта кету керек, қоғамдық кеңестің алғашқы құрамына 37 мүше кірді. Оның 31-і - азаматтық қоғам өкілдері.
2016-2019 жылдар арасында бұл құрам 107 отырыс, 127 комиссия отырысын, 84 қоғамдық бақылау, 16 қоғамдық тыңдау өткізген. Қоғамдық кеңес отырысында 475 нормативтік құқықтық акті қаралып, мемлекеттік органдарға 462 ұсыныс берілді.