«Nur Otan» паритясының Шығыс Қазақстандағы мүшелері елордада өтетін партияның кезекті съезіне делегаттар сайлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өскеменде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының конференциясы өтті. Партия өкілдері астанада өтетін кезектен тыс съезге қатысатын делегаттарды сайлады. Жиында «Nur Otan» қолға алған «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Халыққа көмек», «Ауыл - ел бесігі» атты жобалардың қалай жүзеге асып жатқаны талқыланды.
Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, "Халыққа көмек" жобасы бойынша 3000 адам партияға жүгініп, 314 адамның мәселесі шешімін тапқан. Ал "Бақытты отбасы" жобасы арқылы 38 мың тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 1,4 млрд теңге бөлінген.
"Құтты мекен" жобасы да ілкімді істерге мұрындық болуда. Облыстық және аудандық маңыздағы 300 шақырым жолды жөндеу үшін 1,5-2 млрд теңге қарастырылды. Халықты сапалы ауызсумен қамту үшін 60 жоба қолға алынбақ.
Ал "Ауыл - ел бесігі" жобасының аясында 82 мың га суармалы жерді игеру көзделіп отыр. 2022 жылға дейін сырттан 36 мың бас ірі қара сатып әкелінеді. Осылайша ауыл келешегі кемелдене түседі" - деді Әнуарбек Мұхтарханов.