13 нау, 2020 сағат 10:54

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары болып Бақытгүл Хаменова тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жаңа орынбасарды актив жиналысына таныстырды.

Бұған дейін Бақытгүл Қайыржанқызы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған еді.

Ол Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Кейін Атырау мұнай және газ институтын, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты.

1999-2001 жылдары Атырау облыстық телерадио-ақпараттық компаниясының дикторы, редакторы, 2001-2004 жылдары Атырау мұнай және газ институтының қазақ және орыс тілдері кафедрасының оқытушысы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің элитарлық мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.

2004-2005 жылдары «Рахат ТВ» Атырау телерадио хабарларын тарату филиалы қазақ редакциясының тілшісі, 2005-2016 жылдары Атырау Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің директоры болған.

2016 жылғы 24 наурыздан алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі, партияның Саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Ыбрай Алтынсарин, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Белсенді қызметі үшін» төсбелгілерімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.