02 нау, 2021 сағат 08:26

Бақыт Сұлтанов тұрақтандыру қорлары жұмысының кемшілігін атады

Елімізде Азық-түлік тауарлары тұрақтандыру қорларының көлемі тиімді қалыптастырылмай отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азық-түлік тауарлары тұрақтандыру қорларының көлемі жеткілікті емес. Яғни 3,7 млрд теңгеге 25,4 мың тонна қалыптасқан. Олардың интервенциясы жалпы тұтынудың 0,2 пайызынан 1,4 пайызына дейін құрайды. Бұл іс жүзінде бағаға тиісті әсер етпейді», - деді агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы баяндаған Бақыт Сұлтанов.

Оның атап өтуінше, тұрақтандыру қорларының өздері де тиімді қалыптаспайды. Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қанттың, қарақұмық жармасының, күнбағыс майының және жұмыртқаның бағалары едәуір өскен.

«Бұл ретте, жыл ішінде қорға бағаның шамалы өсуі байқалған көкөністер сатып алынды. Тұрақтандыру қорларын тек тәуекелі жоғары импортқа байланысты тауарларға ғана қаражат пен күш-жігерді шоғырландыру арқылы қайта қарау қажет», - деді министр.