10 мау, 2021 сағат 17:44

Бақыт Сұлтанов пандемия кезінде ашылған жаңа нарықтарды атады


2020 жылы пандемия салдарынан Қазақстан тауарлары экспортқа шығарылатын нарықтар 190-нан 119 елге қысқарды. Бұл туралы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-жалпы отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«COVID-19-дан туындаған экономикалық және әлеуметтік күйзеліс бүкіл әлемдік саудаға, оның ішінде қазақстандық өнім экспортына айтарлықтай әсерін тигізді. Дағдарыс қазақстандық экспорттың геогрфиясына да ықпал етті. Пандемиялық 2020 жылы соңғы 3 жылда өз өнімдерімізді жеткізіп жүрген елдердің санын 190-нан 119-ға дейін қысқарды. Бұл қосылған құн тізбегінің өзгеруіне, үшінші елдердің арасындағы санкциялық текетірестерге, сауда серіктестердің тауарларды тасымалдаудағы карантиндік шектеулеріне байланысты орын алды. Дегенмен Багам аралдары, Камерун, Судан, Босния мен Герцеговина, Сальвадор, Никарагуа, Кайман аралдары, Гайана сынды жаңа нарықтар ашылды»,- деді министр. 

Оның атап өтуінше, карантиндік шектеулер мен жеткізу тізбегіндегі іркіліс ауыл шаруашылығы тауарлары саудасына қатты әсер ете қойған жоқ. Әлем елдердің базалық азық-түліктерді көптеп сатып алуына байланысты Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 18,1 пайызға арттырды. Дегенмен, локдаун уақытында азық-түлік емес тауарларына сұраныс 20 пайызға төмендеп кетті. 

«Толықтай алғанда, экспортталатын тауарлар позициясы 2020 жылдың ішінде 5,8 пайызға қысқарды», - деді Бақыт Сұлтанов.