Бақыт Сұлтанов лауазымынан босатылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қант дағдарысына байланысты министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған болатын.
12 тамызда Қазақстанда өндірілетін қанттың басым бөлігін (шамамен 90%) ірі көтерме жеткізуші сатып алғаны белгілі болды. Оның әрекеті тауардың айналымнан алынуының белгісі ретінде бағаланып, соның салдарынан нарықтағы баға өсті. Елде қант бағасы бір жылда 87 пайызға қымбаттады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, өндірушіден тұтынушыға дейін қанттың үстеме бағасы 53 пайызға жетеді.