Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов ауа райының қолайсыздығына байланысты қала тұрғындарын жолда абай болуға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ауа райының күрт бұзылуына байланысты қала көшелерінде мұқият болуларыңызды сұраймын. Метеоқызмет мәліметтеріне сәйкес, 15 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында жауын-шашын күтілуде (жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін). Көптеген көлік иелері дөңгелектерін жазғы маусымға ауыстырып үлгерді. Сондықтан, көлік жүргізушілеріне жол арақашықтығын сақтап, жол ережесін бұзбауды және оқыс маневр жасаудан бас тартуды ұсынамыз. Жолда абай болыңыздар!», - деп жазды Бақыт Сұлтанов Фейсбуктегі парақшасында.
«Қазгидромет» РМК елордада күн райының нашарлауына байланысты ескерту жариялаған болатын. Жаңбыр соңынан қар жауып, солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с артуы ықтимал. Күндіз температура +3...+5 градус. Атмосфералық ауа одан әрі төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ найзағай, тұман болжанады.