19 қар, 2022 сағат 10:39

Бахтияр Байсейітовке іздеу жарияланды


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бахтияр Байсейітовке іздеу жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қаратау" ЖШС ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ еншілес ұйымы) және Iri building ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты 2019-2021 жылдар аралығында Қаратау кенішінде (Түркістан облысы Созақ ауданы) қызмет көрсету кезінде ақша ұрлау дерегі бойынша соталды тергеуді жалғастырып жатыр.

"Тергеу барысында Байсейітов Қайрат Сатыбалдыұлымен туыстық байланыста болуын қолдана отырып, бақылауындағы компанияны «Iri building» ЖШС лоббилендіріп отырғаны анықталды. «Қаратау» ЖШС кәсіпорны мен квазимемлекеттік сектор субъектісімен 2019 жылы «Қаратау» кеніші бойынша 6,2 млрд. теңге сомасына құрылыс жұмыстарына шарт жасасты.

Бахтияр Байсейітов Iri building ЖШС қызметін тікелей басқарып, объектінің құрылысына түсетін қаржыны бөліп отырған. Бұл ретте жабдықтың бір бөлігі жеткізілмей, ал оған арналған қаржы заңсыз шығарылып ұрланған. Мемлекетке келтірілген залал 320 миллион теңгеден асты" - делінген хабарламада.

Қазір Байсейітов Қазақстаннан тыс жерде. Оның заңсыз әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланған және оған іздеу жарияланды. Аталған адамның өзге де қылмыстар жасауға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Оның тұрақтаған жері туралы ақпараты бар тұлғалардан Агенттікке көрсетілген телефондар бойынша хабарласу сұралды: Call Center 1424, +7 (7172) 909 260.

Ақпарат бергені үшін сыйақы қарастырылған. Құпиялылыққа кепілдік беріледі!