16 мам, 2022 сағат 10:04

Бақанас ауылында дау туғызған Қонаев ескерткіші ашылды

коллаж: Tengrinews.kz 

Алматы облысындағы Бақанас ауылында Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне ескерткіш ашылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, бұл елді мекен жайдан-жай таңдап алынбаған. Осы өңірде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысының арғы аталары тұрған екен. 

Ескерткіш биіктігі үш метрге жуық, тұғырымен есептегенде мүсін бес метрден асады. Ескерткіш авторлары - мүсінші Алтай Бейсенов пен архитектор Бекзат Бейсенова.  

"Ол осы мекенді қатты жақсы көретін. Осы жерге келуді жақсы көретін. Бұл жерлерде бірге де жүрдік. Махаббаты ерекше еді. Дәл Балқаш ауданы - біздің арғы аталарымыздың мекені, сондықтан ерекше қарайтын. Көпір орнатты. Бұл жерге ескерткіш қойылуы - тарихи әділдіктің орнауы, еңбегінің бағалануы", - деді Дінмұхамед Қонаевтың туысы.  

Айта кетейік, Қонаевтың құрметіне ескерткіш 2020 жылы ашылуы керек болған. Алайда Қазнет қолданушылары, мүсінші мен Қонаевтың туыстары оны сынап тастаған болатын.