Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихиннің қамау мерзімі ұзартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"7 наурызда Астананың № 2 Есіл аудандық соты Президент Әкімшілігі Басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев пен Президент Әкімшілігіндегі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Николай Галихиннің қамау мерзімін 12 мамырға дейін ұзартты", - деді Астана сотының баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, Бағлан Майлыбаев 16 қаңтарда қамауға алынған болатын. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Майлыбаевты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген ("Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету") қылмыстарды жасады деген күдікпен ұстаған еді. Сондай-ақ, мемлекеттік құпияны жариялады деген күдікпен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері Николай Галихин ұсталған болатын.