Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елімізде жаңа +997 нөмірлі кодына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанның халықаралық телефон кодына қатысты сұрақ қойды.
«+7 телефон кодының аймағында тек Ресей ғана емес, Қазақстан да кіреді. Неліктен осы кодтан кенеттен бас тарту керек деп шешім қабылданды? Екіншіден, біз ондаған халықаралық келісімге қол қойып, ратификациялап отырмыз. Бұл ретте телефон кодына қатысты мемлекетаралық құжатқа қол қоюға не кедергі болып отыр? Үшіншіден, қоңырау шалған кезде біздің елде дұрыс идентификациялау да келісіммен болады. Техникалық тұрғыда мұны жасау оңай. Неліктен бұл жасалмаған? Тоқ етері, Қазақстан +7 телефон коды аймағында қала ма?», - деді депутат Цифрлық даму министріне қарата қойған сұрағында.
Өз кезегінде Бағдат Мусин бұл сұраққа байланысты тиісті келісімшарттың 11-бабын оқып берді.
«Келісімнің ережелеріне сәйкес, тараптардың кез келгені оның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарламаны алдын ала жібере отырып, оны біржақты тәртіппен бұза алады, 6 ай бұрын. Яғни 6 ай бұрын бізге «+7-ден шық» деген мәселені қозғау – осыған алып келеді. Бізге шық деп бір хатпен ғана айта алады. Ешқандай мемлекетаралық ратификациядан өткізу қажет емес. Ресей тарапынан осы хатты алсақ, +7-ден шығару мүмкіндігі бар. 2006 жылы осындай ведомствоаралық құжатқа қол қойған едік. Қазақстанның байланыс агенттігі мен Ресей тарапынан байланыс министрлігі осындай келісімге келді», - деді министр.
Ведомство басшысы +7-ден басқа кодқа ауыса салу жарты жылда жүзеге асырылатын оңай шаруа емес екенін айтты.
«Жарты жылда ауысып кету – ол өте күрделі сұрақтардың бірі. Сондықтан бірінші барып, БҰҰ жанындағы халықаралық электр байланыс одағынан біздің жеке кодымызды алдым. Енді Ресей тарапымен келіссөз жүргізгенде, бұл код бізде бар. Сондықтан мемлекет резервіндегі кодтың болуы – бізге өте қажет. Ол Ресей тарапымен келісімшарт арқылы емес, БҰҰ-дан берілген код», - деді Мусин.
«+7-нің құқықтық тетіктері жағынан қарап жатырмыз. Сондықтан келіссөздерді жүргізу үшін осындай мәселені қозғадық. Ратификациядан өткізу үшін бастапқыда Ресей тарапымен келісіп алуымыз керекпіз. Алдағы уақытта келіссөздер жүргізіледі», - деп түсіндірді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қыркүйек айында Б. Мусин БҰҰ жанындағы халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 кодын белгілегенін айтты.
Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады.
«Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын. Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді», - дейді ведомство басшысы.