25 сәу, 2023 сағат 14:18

Бағасы әділ болатынына сенімдіміз - Сәтқалиев Ресейден тартылатын газ жайлы

Фото: ©РИА Новости/Виталий Тимкив

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ресейлік "Газпромның" Қазақстанға арналған газ бағасына қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол Ресей Қазақстанға газды әділ бағамен сататынына сенетінін мәлімдеді.

"Газ бағасын "Газпром" корпорациясы мен Ресей үкіметі белгілейтінін түсінеміз. Қазақстанмен де, Беларусьпен де өзара достық қарым-қатынасты ескеріп, баға әділ болатынына сенімдіміз. Сондай-ақ біздің елдер арасындағы стратегиялық серіктестік факторы, соның ішінде экономикалық параметрлер назарға алынады", - деді Сәтқалиев Үкімет кулуарында.

Министр экспортқа шығарылатын кез келген өнімнің бағасы өзіндік құнынан құралатынын атап өтті.

Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев елдің солтүстігі мен шығысын газдандыру үшін Ресей Қазақстанға газды "Беларуське қарағанда әжептәуір төмен бағамен" беретінін мәлімдеген еді. Артынша "Газпром" бұл ақпаратты жоққа шығарды.