Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік әлеуметтік-корпорациялар қызметі бойынша 11 қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Олжас Бектенов агенттіктің биыл бірқатар салаға талдау жүргізгендігін қорытынды алқа отырысында хабарлады. Оның ішінде көліктік бақылау, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, ақпараттық жүйелерді енгізу салалары да бар.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Оған инвестициялық жобаларды іске асыру сылтауымен жер учаскелерін конкурстан тыс беру, аффилирленген тұлғаларға активтерді төмендетілген құн негізінде сату кіреді.
"Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бөлінген 39 млрд. теңге нәтижесіз пайдаланылды. Несиелер үлестес компанияларға беріліп, міндеттемелердің орындалуына бақылау болмаған. Бұл фактілер бойынша мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркеліп, шығын көлемі 7 млрд теңгеден асып отыр. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысында бизнесті дамытуды ынталандыру, жеке сектормен қамтылмаған салаларды қолдау қағидаты жүзеге асырылмайды. Олар депозиттерден пайыз алу және мүлікті сату арқылы пайда табады. Агенттік тарапынан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін қайта қарау үшін ұсыныстар енгізілді", - деп атап өтті Бектенов.