Фото: primeminister.kz
Премьер-министр Әлихан Смайылов бағаны көтеріп жатқан кәсіпкерлер туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
"Бағаны негізсіз өсіру жағдайларын жиі байқаймыз. Кейбір адал емес кәсіпкерлер, әсіресе, тауарды көтерме бағамен жеткізетіндер салықтан қашады, я болмаса, экстра маржа табамыз деп, сан алуан айлаға барып жатады. Қанттан да солай пайда көрді. Сонда жеке бастың қамын ойлайды, байып алуды көздейді. Бірақ бұның барлығы ортақ мүддеге қайшы. Ондайға жол беруге болмайды", - деді Смайылов.
Ал журналистерге сұхбат берген Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин шағын кәсіпкерлер де бағаны негізсіз өсіретінін ашық айтты. Мәселен, былтыр Қазақстанда жиналған күріш ішкі сұранысты толығымен өтеуге жеткілікті болды. Соған қарамастан кейбір дүкендерде күріштің бағасы төмендемей тұр.
"Мен Астана қаласының әкімімен сөйлестім. Олар тұрақтандыру қорларынан ірі сауда орталықтарына тауар жеткізіп тұрады. Бағасы төмен. Ал кішкентай дүкендер соны сатып алады да, халыққа қымбатқа сатады. Оған біз не істей аламыз? Бұл – таза алып-сатарлық", - деп атап өтті Жұманғарин.
Оның айтуынша, ірі сауда орталықтарында күрішті арзан бағаға табуға болады. Оны да тұрақтандыру қорларынан жеткізіп отырады.