Біріккен Араб Әмірлігінен келген «East West compani Ltd» компаниясы Щучьедегі көл маңында коттедж қалашығын салып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өңірдің болашағы зор салаларының бірі - туризм индустриясын дамыту. Қазақстанның ең үздік он туристік орындарының біріне жататын Щучье-Бурабай курорттық аймағында жұмыс үш бағытта жалғасып келеді: біріншіден, «AQBURA Resort» отбасылық типтегі курорттың құрылысы (Үлкен Чебачье көлі, Текекөл, 233 га, құны 100 млрд теңге) жүріп жатыр. Екіншіден, Бурабай кентінде демалыс және табиғи-мәдени мұра орталығы ретінде «Promenade» жобасы (14 га, құны 6 млрд теңге) іске асырылуда. Сонымен бірге, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлардың қатысуымен Щучье көлінде коттедж қалашығының құрылысы жүргізілуде», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев.
Аймақ басшысының айтуынша, коттедж қалашығы 20 га аумақты алып жатыр. Жобаның құны - 16,7 млрд теңге.
«Әлбетте, біздің жергілікті атқарушы орган ретіндегі басты міндетіміз - туристік аймақтарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасын жақсарту. Инженерлік және жол инфрақұрылымының құрылысы Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының бөлігі ретінде жүзеге асырылады. Осы бағытта биыл 5,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, Қызмет және туризм академиясымен бірлесіп, 48 студент Түркия отельдерінде сервистік қызмет бойынша тәжірибе алып жатыр», - деді ол.