Алматыда «B2B Jewelry» ұйымдастырушыларына қатысты тергеу жалғасуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті Алматы прокуратурасының үйлестіруімен зергерлік дүкендер желісі атын жамылып, «B2B Jewelry» қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.
Қылмыстық істің материалдарына сәйкес, ұйымдастырушылар халыққа сатып алу сомасының 104% мөлшерінде «кэшбэк» түрінде ақша қайтару кепілдігімен зергерлік бұйымдарды сатқан.
Сонымен қатар, клиенттерге сатып алынған сертификаттың құны мен пирамидаға тартылған адамдардың санына байланысты жылына 520% кіріске дейін кепілдік беретін «алтын» мен «күміске» арналған сыйлық сертификаттар сатылған.
ЭТД қызметкерлері жүзеге асырған шаралардың салдарынан қаржы пирамидасының салымшылары салған 560 млн астам теңге, 303 мың АҚШ доллары және 3 500 евро тәркіленіп алынды.
Қаржы пирамидасы салымшыларының жалпы саны - Қазақстанның барлық аймақтарын қоса есептегенде 10 000 астам адам.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аясында ҚР ҚК 217-бабының 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Күдікті тұлғаға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.
Осыған орай, қаржы мониторингі комитеті осы жобаның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтардың комитетке және Алматы қаласы бойынша департаментке (Телефондары: 87786376213, 87028886449, 87017446040, 87074064945) жүгінуін өтінеді.
Басқа қала тұрғындары комитеттің аумақтық экономикалық тергеу департаменттеріне хабарласа алады.
Сондай-ақ, Украинаның қауіпсіздік қызметі осыған ұқсас іс бойынша B2B зергерлік пирамидасының негізін қалаушы Никола Гонтқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.