ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) жекелеген азық-түлік бағасының артуына ықпал еткен себептерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2020 жылы және 2021 жылдың екі айында БҚДА 9 азық-түлік тауарларын өндірушіге және көтерме, бөлшек саудадағы 23 жеткізушіге қатысты бағалық сөз байласу фактісін анықтап, тергеп-тексеру амалына бастамашылық жасады.
Оның ішінде 10 тергеп-тексеру бағалық сөз байласу фактілерін растаумен аяқталды. Атап айтқанда, нарыққа қатысушылар арасында бағаларды көтеру бойынша ауызша және жазбаша уағдаластықтардың болуын көрсететін нақты мән-жайлар анықталды.
Монополияға қарсы тергеп-тексеруді бастау және нарыққа қатысушыларды жауапкершілікке тарту үшін олардың арасындағы сөз байласудың нәтижесі ретінде бағалардың өсуі негіз болып табылады.
Мәлім етілгендей, сөз байласу болмаған жағдайда, шикізат құнының, тауарларға сұраныстың артуы және өзге де кез келген басқа себептер бойынша бағалардың өсуі заңнаманы бұзу болмайды.
Агенттік ақпаратына сәйкес, елімізде бағаның өсуіне объективті экономикалық себептерден болған.
Мәселен, 2021 жылдың басынан бастап тауық жұмыртқасының бағасы 10,2% өсті. Оған себеп: құс тұмауының өршуі, құс басының 2,6 млн-ға азаюы, жемшөп құнының 150% қымбаттауы. Өз кезегінде, құстардың қырылуына құстарды вакциналауға субсидияның алынып тастауы және жұмыртқа құнын арзандатуға ақшаның уақытылы бөлінбеуі әсер еткен.
Күнбағыс майы 5,5% қымбаттады. Бұған әлемдік бағалардың 53,8% өсуі, Ресейде шикізат түсімінің төмендеуі себеп болды.
Қант құнының 2,3% өсуіне ішкі нарықтың 60% қамтамасыз ететін Ресей және Беларусь өндірушілерінің көтерме саудадағы жеткізушілері бағаны 64,5% арттыруы әсер етті.
Қарақұмықтың өнім бермеуі және оның көлемінің 2 еседен астам қысқаруы бағаның 2% қымбаттауына алып келді.
Өзбекстанға мал экспорты мен малға арналған құрама жем дайындалатын астықтың жоғары бағасы себебінен сиыр етінің құны 0,6% өсті.
Жыл сайын қыста және көктемде жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы олардың қорының азаюына және сақтау шығындарының жоғары болуына байланысты өседі.
Тұтастай алғанда, азық-түлік бағаларының өсуін талдау бағалар құбылмалылығының негізгі себебі жоғары импортқа тәуелділік болып табылатынын көрсетеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 19 позициясының 9-ы бойынша Қазақстанда нарықтың теріс теңгерімі қалыптасты. Атап айтқанда, импорт үлесі қант 78%, сүзбе – 50%, тауық еті – 47%, күнбағыс майы – 25%, сары май – 23%, макарон (рожки) – 27,9%, пияз – 14%, қарақұмық жармасы – 12%, сиыр еті – 5% құрайды.
Қазақстан ЕурАзЭҚ шеңберіндегі бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы болып табылады. ДСҰ мүшесі ретінде Қазақстанда басқа шет елдермен саудадағы кедергілер жойылды. Осыған байланысты, шетелде азық-түлік өнімдері бағаларының кез келген өсуі тауарлардың еркін қозғалысы (құн өсуінің импорты) салдарынан жергілікті бағаларға тікелей әсер етеді.
Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл сайын шекті бағаларды белгілеу, сауда желілеріне кредит беру (айналым қаражатын толықтыру), мемлекеттік тұрақтандыру қорларынан азық-түлік өнімдерін өткізу сияқты нарықтық емес араласудың бірқатар шаралары қабылданады.
Алайда, бұл шешімдер тауар нарықтарындағы ахуалды өзгертпейді және азық-түлік тауар нарықтарының дамуы, кәсіпкерлік қызметті жүргізу, инвестициялардың төмендеуі және тапшылықтың пайда болуы үшін тәуекелдер тудырады.