Үкіметтің бүгінгі отырысында азық-түлік бағасын бақылау мәселесі қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы бір аптаның ішінде 0,3 процентке өсті. Соның ішінде қырыққабат пен қанттың шекті бағасы барлық аймақтарда 15 процентке көтерілді.
«Бүгінде бағаларды ұстап тұратын арнайы комиссиялар бар. Бірақ жергілікті жерде аталған меxанизмді толыққанды қолданбайды. Енді қант бойынша обьективті себептер бар. Әлем нарығында қанттың бағасы өсіп отыр. Ал қырыққабат бойынша жағдай өзгеше. Оны әкімдіктер өздері шеше алады. Сондықтан бағаның шекті мәндерін белгілеп, тиісті бақылау шараларын жүргізу керек. Алайда бір де бір әкімдік шекті мәндерді бекіткен жоқ. Бұл 2019 жылы бірінші тоқсанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына кері әсерін тигізуі мүмкін», - деді Т.Сүлейменов.
Министрдің сөзіне қарағанда, комиссия шешімдерін қатаң бақылап отыру қажет. Бұдан бөлек, әкімдіктер жыл соңына дейін 2019-дың шекті мәндерін бекітуі тиіс. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізген жөн.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев та азық-түліктің қымбаттап кеткенін байқап отыр.
«Негізінен, біз соңғы бір ай бойы осы жөнінде айтып келе жатырмыз. Бірақ қырыққабат пен қантқа қатысты обьективті себептер бар. Қалғандардың бағасы негізсіз өсіп отыр. Қорларда қаржы бар, тұрақтандыру қорларында азық-түлік жеткілікті. Бәрі бар болса, баға неге өседі? Себебі сіздердің тарапыңыздан бақылау жоқ. Қазір қияр мен қызанақтың бағасы шарықтап кетті. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бақылауға алыңыздар!», - деді Б.Сағынтаев.