Елордада азық-түлікті шекті бағадан асырып сатқандарға 530 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысы Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қалада ұн жеткілікті. Осыған байланысты 1 сұрыпты нанның бағасы шамамен 90-95 теңгеден аспайтын болады. Қант бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы тауарлық интервенциялар жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында Үкімет тарапынан 9 тауарға баға белгіленді. Баға әр аймаққа жеке бекітілді. Бекітілген бағалар e-gov ресми сайтында орналастырылған», - деді басқарма басшысы.
Оның атап өтуінше, әкімдіктердің, монополияға қарсы қызметтің, прокуратура қызметкерлерінің, еріктілердің көмегімен қаланың сауда нүктелерінде тексеру жүргізіліп жатыр.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық кәсіпкерлерге бағалар мөлшерін қатаң сақтауды және тағы бір мәрте осы мәселеге баса назар аударуды өтінемін. Бекітілген бағадан өсіріп жіберген кәсіпкерлерге шаралар қолданылады. Рұқсат берілген бөлшек бағадан асырғандар үшін 265 мыңнан 530 мыңға дейін айыппұл салынады«, - деді Ерлан Бекмырзаев.