Жеке тұлғаларға азық-түлік пен тұрмыстық тауарларды сатқан дүкендер бақылау-касса машинасының чегін беруге міндетті. Ал осы жағдайда дүкен иесі тауарларға ілеспе жүкқұжаттарын рәсімдеуге міндетті ме? Темекі өнімдерін сатушылар 2Д сканерін сатып алмауы үшін нені білуі керек? Осы сұрақтарға Мемлекеттік кірістер комитетінде жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жыл басынан бастап Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін пилоттық жоба іске қосылды.
Жеке тұлғаларға азық-түлік пен тұрмыстық тауарларды өткізу кезінде бақылау-касса машинасының чегі беріледі. Маңызды: тауарларға ілеспе жүкқұжаттар рәсімделмейді.
Сатып алушылар 14 күн ішінде сатып алынған тауарды қайтаруға құқылы екенін ескере отырып, Виртуалды қоймадан сатылған тауар 16 күнтізбелік күнінде есептен шығарылады. Есептен шығару ЭШФ ақпараттық жүйесінде бақылау-касса машиналары чектерінің деректері негізінде автоматты түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар, алкоголь мен темекіні бөлшек саудада өткізушілер үшін (дүкендер, супермаркеттер, мейрамханалар, барлар және т.б.) жеткізушіден тауар алған кезде «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды растау түрінде қосымша талап бар. Одан әрі сату кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттар тек ерікті негізде рәсімделеді.
Темекі өнімдерін сату үшін 2Д сканерге балама ретінде «Naqty Sauda» (Android және IOS) тегін мобильді қосымшасын пайдалануға болады.
Кәсіпкерлерді қолдау және мәселелерді талқылау үшін «MarkirovkaQoldau» Telegram-чаты белсенді жұмыс істейді.
Тауарларды таңбалау мәселелері бойынша тәулік бойы тегін «шұғыл» желі жұмыс істейді, оның нөмірі мынадай - 8 800 080 6565.