ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында инфляцияның жыл аяғына дейін жоғары деңгейде сақталатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы инфляция біздің болжамымыз бойынша, наурыздағы 12%-дан сәуірде барлық компоненттер бойынша баға жылдам өскендіктен 13,2%-ға дейін қарқын алды. Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-дан 17,9%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне қант, қырыққабат, күнбағыс майы ең көп үлес қосып келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды. Алайда, наурызда жекелеген азық-түлік тауарларға сұраныс артқандықтан бағаның жылдық өсімі жоғары деңгейде сақталып отыр», - деді Ғалымжан Пірматов.
Айтуынша, сыртқы инфляциялық фон сәуірде 10,9%-дан 11,1%-ға дейін жеделдеп, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасын өсіріп тұр.
«Ақылы қызмет көрсету бағасының өсуі 8,3%-дан 8,9%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызмет бағасының өсуіне байланысты болды.Тәуекелдерді ескере отырып, инфляция жыл соңына дейін жоғары деңгейде сақталатын болады», - деді Ұлттық банк төрағасы.