07 қыр, 2021 сағат 11:48

Азық өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленеді – АШМ


Елімізде азық өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені жобасында министрік 11 жедел мерзімді және 8 орта мерзімді іс-шараларды орындайды. Бұл - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін басым дақылдардың егіс алаңдарын, көкөніс сақтау қуатын көбейту іс-шараларын қабылдау. Шикізат қорын дамыту үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ негізінде тұрақты жұмыс істейтін жемдік астық қорын қалыптастыруды, сондай-ақ, жемдік астық және ірі азықты әкетуге уақытша сандық шектеулер немесе тыйым салуды көздейтін Азық өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленетін болады», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, бағаны тұрақтандыру үшін ең алдымен, болжам негізінде бағаның ең көп өсуі күтілетін тауарлардың нақты түрлерін сатып алу мақсатында тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарау қажет. 

«Маусымаралық кезеңде өңірлердің тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша қала халқы, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халық қажеттілігінің 30 пайызы көлемінде 5 айлық қор қалыптастыру ұсынылады. Республика бойынша картоп пен көкөністерді сатып алу көлемі 229 мың тоннаны, сондай-ақ қарақұмық жармасы 17,6 мың тоннаны және күнбағыс майы 28,5 мың тоннаны құрайды», - деді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, дайын өнімді алу үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ жоспарланған тұрақтандыру қорларының 10 пайыз мөлшерінде күнбағыс пен қарақұмықтың қосымша көлемін, сондай-ақ шамамен 4 мың тонна қант қорын қалыптастырады.

«Бұл ретте, Азық-түлік корпорациясымен форвардтық сатып алу аясында 9 150 тонна күнбағыс пен 691 тонна қарақұмыққа келісімшарт жасалды. Қарақұмық, күнбағыс, қанттың қалған көлемі нарықта тікелей сатып алу жолымен алынады», - деді ол.