Еліміздегі туристік орталықтар мен Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Жерорта теңізі аймағындағы ең ірі туристік көрмеге қатысуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Грекиядағы елшілігі қолдау көрсетіп, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауидің мұралары және Түркістан өңіріндегі киелі-тарихи жерлер жайлы көрмені шетелдіктер назарына ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Туристер үшін Түркістандағы ең маңызды орындар жайлы 1871-1872 жылдары түсірілген А.Кунның фотоальбомынан туындылар және кесененің әр жылдардағы бейнелері мен Түркістанның көріністері, тайқазан, шырағдан суреттері, Қожа Ахмет Ясауи мен тайқазанның макеттері таныстырылса, Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Гаухар ана, Укаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы сынды тарихи орындардың 3D тур нұсқасы Елбасымыздың цифрландыру жүйесі негізінде дайындалып, халықаралық көрмеде алғаш рет көзілдірік арқылы көрсетілді.
Сонымен қатар, қорық-музейдің тарихи орындары мен музей хақында үш тілде жарық көрген буклет кітапшалары мен жәдігерлердің каталог кітаптары да көрме экспозициясынан орын алды. Отандық туристік орталықтар «Қазақстанға саяхат жаса» жарнамалық ұранымен түрлі мәдени бағдарлама ұсынып, еліміздің көрікті жерлерімен бірге қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы және төл өнерімен танысты. Қазақтың дәстүрлі әндері мен термесін тыңдаған қалың көпшілік арқан тартып, асық ату ойынына да белсене қатысты.
Үш күн ішінде 20 мыңнан аса шетелдік тамашалап үлгерген қазақстандық көрмеге 27 жыл бұрын Қазақстаннан Грекияға қоныс аударған Георгий және Ольга есімді ерлі-зайыптылар келіп, туған жер мұраларын көріп, көздеріне жас алды.
"Қазақстандық көрме жөнінде теледидардан естіп Салоники қаласынан 70 шакырым жерден арнайы келдік. Қазақстанды көрмегенімізге де 10 жылға жуықтады. Жанымыз грек болғанымен - жүрегіміз қазақ. Туған жерді қатты сағындық. Бауырсақтан дәм татып, өзімізге таныс жерлердің суретін тамашалап, қазақ жұртының ыстық ықыласы, мол мейірімі қоса жеткендей ерекше сезімге бөлендік", - деді Георгий.
Қазақстанның Грекиядағы Төтенше және өкілетті елшісі кеңесшісі Тимур Сұлтанғожин де көрмені ұйымдастырушы қазақстандықтарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта Қазақстан мен Грекия арасындағы туристік байланыс нығайып, тарихи-киелі жерлерге бай қазақ жеріне шетелдік саяхатшылардың назарын аударуға елшілік те қолдау білдіретінін жеткізді.
"Бұған дейін "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия Республикасында да көрме ұйымдастырып, бірқатар ірі қалаларына Ясауи мұраларын насихаттаған болатын. Еуропалық мәдениеттің дамуына үлкен әсер ете отырып туризм саласы дамыған, әсем ландшафты аралдарға бай грек еліндегі бұл сапарымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау және "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығы, Түркістан қаласының облыс орталығы атануына да арналып отыр. Грекияға жасалған сапар барысында бірқатар туристік келіссөздер жүргіздік, мәдени-тарихи мұраларды да дәріптедік. Тек көрмені ғана көрсетіп қоймай ұлттық өнер, салт-дәстүр, ұлттық ойындарды да барынша насихаттадық. Мұнда келген қазақстандықтардың әрбірі тек ұлттық киімдер киімдермен қызмет көрсетіп, жан-жақты мәдени, рухани келбетімізді де кеңінен көрсетуге күш салдық. Еуропалықтар бойы 2 метрден асатын қазақтың хас батырларымен де суретке түсіп, Алматының апортынан дәм татты. Алдағы уақытта тарихы терең, мәдени мұрасы бай қазақ еліне саяхаттамақ ниетте", - дейді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Көрмеге келушілердің басым бөлігі Қожа Ахмет Ясауи жайлы тарихтан хабардар болғанымен мұраларын алғаш рет көзбен көрді. Сонымен қатар, еліміздегі бірқатар тарихи орындар жайлы да көрме арқылы қызығушылық білдірген туристер Қазақстан жеріне саяхатқа келмек.
Айта кетейік, туристік әлеуеті дамыған алпауыт елдердің көшбасшы туристік орталықтары қатысатын шараның басты мақсаты - қазақстандық туристік нысандар мен тарихи орындардың маңызын таныстыру, тәжірибе алмасу.