Атыраулық Айнұр Қанатова балаларымен туыстарының үйін паналап жүр екен. Былтыр жолдасымен заң жүзінде ажырасып, нәтижесінде сот мүліктерін теңдей бөліп берген. Бірақ күйеуі сот шешіміне қарамай, балаларына да қимай, баспанасын трактормен күреп тастаған.
Іргетасы қаланғанына 10 жыл да болмаған үлкен үйдің тас-талқаны шыққан. Тіпті ауладағы шағын үй мен гаражды да қиратып тастаған. Әйел бұл жағдай былтыр болғанын, бұзып бастағанда полицияға да хабарлағанын айтты. Оның айтуынша, күйеуі сот шешімі шыққан бойда үйді бұзуға жұмысшылар жалдаған. Сүріп тастамас бұрын үйдің шатыры мен есік-терезесін түсіріп алған.
"Сот шешіміне де, ешнәрсеге қарамайды. Бұл не қылған бассыздық! Атырауда, Атырау облысында заң бар ма? Қазір кішкентай балаларыммен туысқандарымның үйін паналап жүргеніме бір жарым жыл болды", - дейді ол.
38 жастағы келіншектің айтуынша, осыдан сегіз жыл бұрын бір баласымен өзінен 18 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққан. Ол күйеуінен екі ұлы бар. Отбасылық айқай-шу үлкен ұлын жақтырмаудан басталған екен. Ата-анасы бар кезде ұлы солардың қолында болған. Кейін анасы қайтыс болып, баланы өз қолына алған. Оның сөзінше, күйеуі ұлын бауырына баспақ түгіл, боқтап-балағаттап, қысым көрсеткен. Сонымен қатар, бұрын полицияда қызмет атқарған қайын інісі өзіне күш көрсеткенде, үйден кетуге мәжбүр болған екен.
"Қорыққаннан мәжбүр болдым. Кеттім, үш баламен. Шарбаққа қайным келді. Бұрын ішкі істер қызметкері болған. Полицияда істеген. Шарбақтың ішінде мені жерге құлатып, кеудемнен тізесімен басып алды. Үлкен ұлымның телефонын тартып алған. Себебі телефонда баламды балағаттаған, ауыр сөздер айтқан жазбалар бар еді. Соны құрту керек болды", - дейді Айнұр.
Ер адамның әрекетін тәртіп сақшылары тексеріп жатыр.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы 1-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеріс 2022 жылғы 19 сәуірде басталды. Қазір қылмыстық іс тергеу сатысында", - деді Атырау облысы ПД анықтау басқармасының аға анықтаушысы Елдос Тұқпатов.