28 сәу, 2022 сағат 13:38

Ажар Ғиният не үшін вакцинацияға 6,7 млрд теңге сұратқанын түсіндірді


ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцинаның жаңа легін сатып алу жоспарда жоқ екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстанда вакцинаның 4,5 млн дозасы бар. Бұл мөлшер бүгінде жеткілікті. Біз алдыңғы 9-10 айға есептедік. Қазір вакциналардың игерілуін, вакцинаның қажеттілігін, халық вакцинаны қалай алады, соған қараймыз. Бәрі осыған байланысты. Қазір бүкіл вакцина сатып алынды. Жаңа легін сатып алу жоспарланып отырған жоқ», - деді ол Сенаттың кулуарында. 

Сондай-ақ, ол министрлік вакцина сатып алуға деп бюджеттен 6,7 млрд теңгені не үшін сұрап отырғандарын түсіндірді. 

«6,7 млрд теңге дегенге келсек, Мәжілісте былтыр неге бұл сомадан бас тартып, биыл қайта сұрап отырғанымызды сұраған еді. 6,7 млрд теңге адам папилломасына қарсы вакцина үшін сұратылған болатын. Бұл ұсыныс қолдау таппады және министрлік оған келісті. Өйткені бұл жаңа вакцина болатын. Пандемия болып жатты да коронавирусқа қарсы вакцинацияны өткізу маңызды болды. Ал халықтың вакцинацияға деген көзқарасы біркелкі болмағанын білесіздер. Ал бұл вакцина көбіне жас қыздарға, жеткіншектерге салынады. Сондықтан күн тәртібінен алынған еді», - деді Ажар Ғиният. 

Айтуынша, биылғы 6,7 млрд теңгенің әңгімесі сол кездегі санмен сәйкес болып қалған көрінеді. Әйтпесе сұралып отырған мақсаты былтырғыдан бөлек. 

«Бұл соманың 4 млрд теңгесін дифтерия, көкжөтел, полиомиелит, гемофильді инфекция сияқты бес бірдей ауруға қарсы егілетін пентавакцинаға сұрадық. Тағы 2 млрд теңге ұлттық күнтізбедегі вакцинация шаралырына сұратылды», - деді министр.