ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аймақтағы медицина мамандарының тапшылығына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасының аясында министрлік жанынан үлкен жоба жүріп жатыр. Осы 2 айдың ішінде 1000-нан астам сұрақ келіп түсті. Оның ішінде Атырау облысынан да келді. Ең көп көтерілген мәселе бала мен ана денсаулығына байланысты болды. Сондықтан да бүгінгі жұмыс жоспарының басты бағыты осы мәселеге арналып отыр. 5 күн ішінде осы жерде республикалық комиссия жұмыс істеді. Барлық жағдайлар жан-жақты тексерілді», - деді Ажар Ғиният.
Министрдің пікірінше, кадрлар мәселесі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін негізгі рөл атқарады.
«Атырау облысының денсаулық сақтау саласында 8 мыңнан астам медицина қызметкері, соның ішінде 2 мыңнан астам дәрігер, 6 мыңнан астам орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Облыс бойынша дәрігер тапшылығы – 201 штат. 2020 жылы жоғары оқу орындарынан 70-тен астам дәрігер, 2021 жылы 65 дәрігер келсе, биыл 52 дәрігер келуі көзделіп отыр. Яғни, бүгінгі тапшылықты осы түлектердің есебінен жабуға болатын еді. Бірақ көптеген дәрігерлер, жұмыс істеп жүрген жергілікті дәрігерлердің көбі жеке медицинаға кетіп жатыр екен. Бұл бір жағынан қаражатқа байланысты. Екінші жағынан соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында болған көптеген жағдайларға байланысты жауапкершіліктің тым жоғары болуынан жеке клиникаларға кетіп жатқаны тағы бар», - деді министр.