Соңғы уақытта дүйiм жұртты дүрлiктiрiп жүрген жайттың бiрi – қоғамдағы зорлық-зомбылық. Бұрын, негiзiнен, отбасындағы әлiмжеттiк туралы ғана сөз болатын. Күйеуi соққыға жыққан әйелдер, анасы немесе әкесi қол жұмсаған балалар мәселесi көтерiлетiн. Ал қазiр зорлық-зомбылықтың түр-түрi шықты. Ұл-қыз демей, жас балаларды жаппай зорлау, соққыға жығу, жоғарғы қабаттан лақтыру, бiр үйлi жанды үлкен-кiшi демей, түгелдей бауыздау, ату сияқты, жан түршiктiрерлiк оқиғалар жиiледi. Болар-болмас ақшаға бола, үйiне басып кiрiп, қарттарды тонау, өлтiру, жасы ұлғайған кейуананың да етегiн түру тәрiздi тағылық әрекеттер кеңiнен етек алды.
Зорлық-зомбылық – әлем бойынша алғанда да бүгiнгi заманғы ең бiр өзектi мәселелердiң бiрi. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiнше, зорлық-зомбылықтың салдарынан күнiне 1,6 миллион адам қаза табатын көрiнедi. 15-44 жас аралығындағы адамдардың өлiмiне себеп болатын негiзгi жайттың бiрi де – осы. Бұдан бөлек, түрлi әлiмжеттiк пен қиянаттың, қорлықтың салдарынан денсаулығына, жүйкесiне зиян келiп, жанына өшпес жара түсетiндер де қаншама!..
ҚР Бас прокуратурасының статистикалық дерегiне сүйенсек, биылғы жылдың 5 айында ел аумағында 59 бала жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен. Аталған қылмыстың саны жөнiнен Жамбыл, Алматы облыстары алда тұр. “Жыныстық сипаттағы зорлық әрекетi” бабы бойынша жүргiзiлген қылмыстық iстерде 58 бала тiркелген және бұл қылмыстардың басым бөлiгi Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында жасалған. 16 жасқа дейiнгi 308 бала “жыныстық мәжбүрлеу немесе сексуалды сипаттағы басқа да әрекеттердiң” құрбаны болған. 122-бап аясындағы мұндай қылмыстық iстердiң денi Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан және Қарағанды облыстарында қозғалған.
Қалай дегенмен де, мұны мейлiнше толық мәлiмет деуге болмайды. Бұдан бөлек, ресми тiркелмеген, жабық күйiнде қалған қылмыстық әрекеттер де жоқ емес. Көп жағдайда адамдар мұны ұятты санайды. Сол себептi де, көпшiлiгi болған жайды айтып, құқық қорғау орындарына бара бермейдi. Қылмыстық iс қозғалған күнде де iстiң соңы “тараптардың өзара келiсiмiмен” бiтiп жатады. Өмiрiнiң соңына дейiн түрмеде шiруге немесе бiрден басы алынуға тиiстi ондай азғындармен жәбiрленушi тараптың қалай келiсiмге келе қалатыны да түсiнiксiз.
Бүкiл халықтың алаңдаушылығын туғызған аталмыш жағдай қоғамда көп талқыға түстi. “Педофилдер өлiм жазасына кесiлсiн” деген үкiм де айтылды. Бiрақ ресми билiк азғындарға қатысты “химиялық пiштiру” жазасын енгiздi. Бұл заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi.
Ендiгi мәселе – мұнымен қылмыс тоқтай ма? Азғындар қайткенде аяқ тартады? Жалпы, соңғы уақытта неге осындай жауыздық әрекеттер көбейiп кеттi?..
Психиатр Алтынай Бабықбаеваның айтуынша, педофилдер де – қоғамның бiр мүшесi, олар да жұрт сияқты тiршiлiк етедi, отбасын құрады, жұрттан ерекшеленбейдi. Сондықтан да ешкiм оларды сондай әрекетке барады деп ойламайды. Негiзi, бұл – психикалық ауытқушылық.
“Менiң тәжiрибемде азғындық әрекетi үшiн сотталып келген және бiрнеше жылдан кейiн сол қылмысқа қайтадан барған бiр педофил болды. Ол өзiнiң үнемi балабақшаға барғысы келiп тұратынын, бiрнеше рет “бұлай iстеуге болмайды” деп, ол арадан кетiп қалғанын, бiрақ соңғы рет барғанында өзiн-өзi ұстай алмай қалғанын айтты”, – дейдi А.Бабықбаева. Яғни ой-санасында ауытқушылық бар адамның бұрын жасаған қылмысын қайтадан жасамайтынына ешқандай кепiлдiк жоқ. Өйткенi азғындық та – айықпас аурудың бiр түрi.
Педофилия – ересек еркектердiң жас қыздарға, тiптi ұлдарға құмарлығы болса, геронтофилия – керiсiнше, жас жiгiттердiң орта немесе одан да үлкен жастағы әйелдерге деген жыныстық құмартушылығы екен. Әдетте, геронтофилдер – “жас әйелдердi құмарынан шығара алмаймын” деп жүрексiнетiн, өзiнiң сексуалдық қабiлетiне сенiмсiз жiгiтсымақтар. Ондайлардың көпшiлiгi өзiне жыныстық серiк ретiнде егде жастағы әйелдi таңдайды, тiптi онымен отбасын құрып, бiрге өмiр сүре де бередi екен. Ол, әрине, бөлек әңгiме, бөлек жағдай.
Кейде “осындай қылмыстардың өршiп кетуiне елдегi экономикалық дағдарыстардың да әсерi бар шығар” деген пiкiрлер айтылып жатады. Бiрақ мамандардың бұл реттегi уәжi: “мұндай құқықбұзушылықтар қай кезде де болған. Сондықтан оған “дағдарыс әсер етiп жатыр” деген қисынсыз. Бұл – өте келелi мәселе. Бұл арада отбасындағы және қоғамдағы жағдай, балалар мен жасөспiрiмдерге дұрыс тәрбие беру мәселесi де қылаң бередi.
Ал ендi баланы жыныстық зорлық-зомбылықтан, қауiп-қатерден қалай құтқаруға болады? Бұл орайда психологтар қауiпсiздiк шараларын бүлдiршiндерге 3-4 жасынан үйрете бастауға үндейдi. Оны тек ата-анасы мен жақын туыстарының ғана құшақтауына, сипалауына болатынын түсiндiру аса маңызды.
Негiзi, бiреу қолынан жетелеп әкеткен жағдайда, 10 баланың 9-ы ғана айқайлауға, дауыс шығаруға қысылмайтын көрiнедi. Сондықтан баланы “Ары кетiңiз!”, “Мен сiздi танымаймын!”, “Мен сiзбен сөйлеспеймiн!” деп, бейтаныс адамдардың әңгiмесiн бөлуге, тыңдамауға үйреткен абзал. Ал егер сондай бейтаныс бiреу әй-шәйға қарамай, сүрелей жөнелсе, кез келген бала: “Көмектесiңiздер! Мен бұл кiсiнi танымаймын!” деп айқайлап, маңайындағыларды көмекке шақыруы керектiгiн бiлуi тиiс.
Оның бетiн аулақ қылсын, алайда, егер кiмде-кiм сондай зорлық-зомбылыққа ұшырай қалса, жәбiрленушi туыстарының жағдайды жасырып-жаппай, керiсiнше, азғынның лайықты жазасын алуына мүдделi болғаны, ал қиянат көрген жасқа, мейлi кәрiге болса да, психологиялық жағынан қолдау көрсеткенi, ең бастысы, арнайы мамандардың көмегiне жүгiнгенi жөн. Тән жарасы жазылады, ал жан жарасының жазылуы өте қиын. Оның келешектегi салдары да мейлiнше ауыр.
Н.ҚОҢЫР.
"Жас Алаш" газеті