16 ақп, 2022 сағат 22:53

Ұсталғандардың жағдайы күнделікті азаматтық ұйымдармен бірлесе тексеріліп жатыр - Қилымжанов


Бұған дейін қолданылған бұлтартпау шараларын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Прокуратура органдары азаматтық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе қамауға алынғандардың және ұсталғандардың жағдайын күнделікті тексеруде. Сонымен қатар, бұған дейін қолданылған бұлтартпау шараларын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жеке бастарын, денсаулық жағдайын және өзге де сипаттағы материалдарды ескеріп, 157 адамға қолданылған қамауға алу ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепіл, үйқамақ және жеке кепiлгерлікке ауыстырылды. Көрсетілген сандар түпкілікті емес, бұлтартпау шараларын қайта қарау жұмыстары жалғасуда», - деді Қилымжанов. 

Мұнымен қоса ол прокурорлар жаппай тәртіпсіздіктерге олардың қатыстылығы болмауына байланысты уақытша ұстау абақтыларынан 103 адамды босатылғанын жеткізді. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылдың 16 ақпанындағы жағдай бойынша Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің тергелуіндегі барлық қылмыстық істер бойынша 741 күдікті сот санкциясымен қамауда.