Фото:akorda.kz
2016 жылдары Республика бойынша қоғамдық кеңестер құрыла бастады. Әр өңірде орталықтар ашылды. Ал Республика бойынша Президент жанында кеңес болған. Қаңтар оқиғасынан кейін жаңа бір леп алу үшін Ұлттық құрылтай болып қайта өзгерді. Ұлттық құрылтайдың ұлт тағдырында маңызы зор, халыққа да, елге де берері көп дейді сарапшы.«Кезінде қазақ хандары Күлтөбенің басында кеңестер өткізген. Тәуке хан билік еткен кезеңдерін ерекше атап өтуге болады. «Жеті Жарғы» заңдар жинағын жазу идеясы туған киелі төбе. Ел жанашырлары мен билер өз даттарын айтып, елдегі мәселелерді көтеріп, ханға жеткізіп отыратын болған. Сол сияқты қазір де құрылтайдың ел тағдырындағы рөлі ерекше. Ақын-жазушылар, ұлт зиялылары, саясаттағы саңылақтар әр өңірден жиналып осы құрылтайға еніп отыр. Дегенмен біздің құрылтайда Президент көбірек сөз сөйлеп, халыққа жолдауын айтқандай баяндамасымен шығып жүр. Негізінде, құрылтайда ел жанашырлары мен қоғам қайраткерлері жиналып, елдегі, ауыл-аймақтардағы мәселелерді Мемлекет басшысына жеткізіп отыруы керек. Бізде әзірге керісінше болып жатыр», - деді саясаттанушы Талғат Жанысбай.
Қазақстанда Ұлттық құрылтай 2022 жылы 16 маусымда құрылды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асқан жоба. Басты мақсаты – қоғамдық диалогты күшейту және жалпыұлттық құндылықтарды насихаттау.
«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз, – деген еді Мемлекет басшысы.
Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 адам болады. Құрылтай барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтиды. Бұнда азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынады.
Құрылтайдың алғашы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Бұл киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Екінші бас қосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһар Түркістанда өтті. Үшіншісі, биыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Жайық жағасында өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Qurultay мобильді қосымшасы дайындалды. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айту мүмкіндігіне ие болады. Осымен үш рет өткізілген құрылтайда көптеген мәселелер көтерілді.