15 сәу, 2022 сағат 15:11

Азаматтарға қызмет көрсетуден негізсіз бас тартудың 4 мыңнан астам фактісі анықталды


Соңғы үш жылда азаматтарға қызмет көрсетуден негізсіз бас тартудың 4 мыңнан астам фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Агенттіке жүктеліп отырған екінші мәселе – барлық әкімшілік рәсімдерге талдау жасап, әр жарты жыл сайын нәтижесін, яғни бюрократия көріністерін алдын алу бойынша нақты ұсыныстар беріп тұру. Бұл – расында өте өзекті мәселе. Соңғы үш жылдың өзінде азаматтарға қызмет көрсетуден 4 мыңнан астам негізсіз бас тарту фактілері анықталып отыр. Мысалы, осы жылдың ақпан айында Қостанай облысы тұрғынының жер мәселесіне қатысты өтініші жер комиссиясымен оң шешілсе де, жер бөлімінің қызметкерлерімен негізсіз бас тартылды. Әрине, мәселеге агенттік араласып, азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Алайда, азаматтар шағым айтпайтындықтан, бізге белгісіз фактілердің жеткілікті екені анық», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның дерегінше, соңғы 3 жылда қызмет алуға келген 16 мыңға жуық азаматтың өтініштерін негізсіз уақытын созып, әуре-сарсаңға салған фактілер де анықталған. Сондай-ақ заңда көрсетілмеген құжат сұратып, қолдан кедергі жасау жағдайлары да жиі орын алады. 3 жылда мұндай 129 мың факті тіркелген. 

«Ал осылардың барлығына бюрократия себеп болып отыр. Өз кезегінде, Агенттік бюрократияны зерделеу және оған қарсы тетіктер қолдану орталығына айналады. Бұл жұмыстың азаматтардың, бизнес өкілдерінің көмегі арқасында тиімділігі артатыны сөзсіз», - деді агенттік төрағасының орынбасары.