04 сәу, 2022 сағат 18:42

Азаматтар қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған 120 қаруды өздері әкеліп тапсырған


Азаматтар қаңтар оқиғасы кезінде ұрланды делінген 120 қаруды өз еркімен тапсырған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қылмыстық элементтер заңсыз айналымға түскен қаруды кез келген сәтте бейбіт азаматтарға қарсы пайдалана алады. Осыған байланысты қаруды өз еркімен тапсыру және күдікті адамдар, атыс және суық қаруды заңсыз сақтау және сату туралы қандай да бір ақпаратты ұсыну қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда азаматтар өз еркімен 120 қару тапсырды. Бұл ретте олардың ешқайсысы қандай да бір жауапкершілікке тартылған жоқ», -деді Санжар Әділов. 

Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 961 қылмыстық іс бар екенін еске салды. 

«Олар бойынша төтенше жағдай кезеңінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 176 күдікті күзетпен қамалған. Бұл ретте бұрын күзетпен ұсталған 245 адам жасалған қылмыстың ауырлығын және жеке басының мінездемесін ескере отырып, қамаудан босатылды. 

Бұл - бұрын сотталмаған және өз еркімен келген залалдың орнын толтырған азаматтар. 

Олар ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып берді, кепіл, үйқамақ және жеке кепілгерлік шаралар қолданылды. 

Жалпы, күдікті адамдардың көпшілігіне қатысты күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ», - деді ІІМ өкілі.