Қазақстанның белгілі ақын-жазушысы Олжас Сүлейменовтің ең танымал кітабы «Аз и Я» алғаш рет қырғыз тілінде жарық көрді.
Бүгін Бішкек қаласында кітаптың тұсаукесері өтті.
Басылымның алғысөзінде Олжас Сүлейменов: «Аз и Я» алғаш рет қырғыз тілінде шығарылып отыр. Бұл кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылмақ болды. Бірақ аудармалары дұрыс шықпай, тек қысқа түсіндірмелер мен басым дені саяси мәндегі көптеген пікірлер берілді.
Кітап орыс тілін білетін, көне орыс ескерткіші мәтінін түсіне білетін оқырманға арналған. Сондықтан ол украин, беларусь, әзербайжан және бұрынғы КСРО басқа тілдеріне дұрыс аударыла алды. Енді бұл туынды ағайын қырғыз тілінде жарық көрді», - деп жазды.
Кітап Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің қолдауымен басып шығарылған. Оның аудармашысы - көп жылдар бойы Қырғыз кеңестік энциклопедиясының ғылыми редакторы болып жұмыс істеген, 200-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы Изиля Рахымова.
Басылымның шығарушы редакторы - түркітанушы, эпиграфшы, филология ғылымдарының кандидаты Четин Жұмағұлов, рецензия жазған - Түркі академиясының академигі, доктор, профессор Қадырәлі Қонқобаев.
Баспагерлер кітаптың тағы бір тілде басып шығарылуы көп оқырманның қызығушылығын тудырып, мәдениеттің беймәлім тұстарын аша түсетініне сенімді. «Аз и Я» кітабының қырғыз тіліндегі нұсқасы елдегі барлық мектептер мен ЖОО-ларға, сондай-ақ шалғайдағы аудандарға жеткізілмек.
Бастапқы тираж - 1000 дана. Кітап Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қоғамдық сананы жаңғырту» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында жарық көрген. Сондай-ақ басылымның қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы қарсаңында таныстырылып отырғаны - есте қаларлық оқиға. Олжас Сүлейменов Айтматовтың шығармашылығын жоғары бағалап, оның «Боранды бекет» атты туындысын ғасыр романы деп атаған.