25 нау, 2022 сағат 20:21

Айжан Есмағамбетова коронавирусты алдын алу жөніндегі қаулыға қол қойды


ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжатқа сәйкес: 

- барлық денсаулық сақтау ұйымдарында COVID-19 клиникалық белгілері бар пациент анықталған жағдайда оны оқшаулау үшін көрсетілетін медициналық көмектің ерекшелігін ескере отырып, үй-жайлар бөлінеді;

- барлық медициналық ұйымдарда қызметкерлердің, келушілердің, пациенттердің маска киіп жүруі талап етіледі;

- барлық босандыру және балалар медициналық ұйымдарында ЖРВИ, тұмау, коронавирус инфекциясы белгілері бар жүкті әйелдер, босанатын, босанған әйелдер және балалар жатқызылатын мамандандырылған бөлімше ұйымдастырылады;

- босандыру және балалар медициналық ұйымдарына COVID-19 клиникалық белгілері бар жүкті әйелдер, балалар шұғыл жүгінген кезде медицина қызметкерлерінің, басқа жүкті әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейінді мамандардың медициналық көмек көрсетуі үшін олар мамандандырылған бөлімшелерге жатқызылады;

- COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізіледі; 

- инфекциялық және басқа да медициналық ұйымдарда эпидемияға қарсы талаптардың сақталуы міндетті; 

- қызметтері COVID-19-ға күдікті науқастарды қарап-тексерумен, тасымалдаумен, ошақтағы жұмыспен, емдеуге жатқызумен, емдеумен және оларды күтумен байланысты медицина қызметкерлері мен персоналдың тиісті жеке қорғаныш құралдарын пайдалануына бақылау жүргізіледі;

- денсаулық сақтау ұйымдары үшін СОVID-19 эпидемиологиясы, клиникалық көріністері, диагностикасы, эпидемиологиялық және биологиялық қауіпсіздік қағидалары, стандартты операциялық рәсімдерді (СОР) орындау жөнінде семинарлар ұйымдастырылып, өткізіледі; 

- COVID-19 кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу бойынша өңірдің медициналық ұйымдарының барлық қызметкерлерін толық қамти отырып, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану жөнінде нұсқама жүргізіледі.

Сондай-ақ әр азамат үйде медициналық бақылау жүргізуді және үй карантині талаптарының сақталуына мән беруі қажет.