Қазақстанда қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын жүзеге асыру Ережелеріне енгізілген өзгертулерге сәйкес, банктік емес айырбастау пункттері 2017 жылға дейін Қазақстан Ұлттық Банкі шығарған тазартылған алтын құймаларды халықтан сатып алу құқығына ие болды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Жаңа нормалар 2021 жылы 2 маусымда күшіне енді. Бұған дейін банктік емес айырбастау пункттері тек 2017 жылы және одан кейін шығарылған алтын құймаларды халықтан сатып алып, сатып келген болатын.
Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттеріне құймаларды халықтың қайта тапсыра алу мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз ететін негізгі фактор.
Ұлттық Банк тазартылған алтын құймаларды халыққа сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы қолға алған болатын. Бағдарлама іске қосылғалы жалпы салмағы 1,88 тонна 52 967 алтын құйма сатылып, жалпы салмағы 4,2 келі 147 құйма қайта тапсырылды.