ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының алдында бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуінде еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесін арттырудың маңыздылығын айтқан болатын. Бағдарламаны іске асыру аталған көрсеткішті 31%-дан 38,5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жалпы кірістердегі еңбек қызметінен түскен кірістердің үлесі 70%-дан 82%-ға дейін арттыру көзделген.
Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу жолдары егжей-тегжейлі талданып, бағдарлама индикаторларына қол жеткізу жауапкершілігі өңірлер мен салалық министрліктер бөлінісінде бекітілген», - деді вице-премьер.
Сондай-ақ, ол Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны тежеу бойынша бірқатар жедел шаралар қабылдап жатқанын еске салды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 15 ақпанда Үкімет отырысында бағаның өсуін тежеу үшін 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені қабылданды.
Бүгінде азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін Үкімет форвардтық шарттар жасасу жөніндегі шараларды, шекті жол берілетін бөлшек сауда бағаларын белгілеу құралдарын және бөлшек сауда үстемесі жөніндегі талаптардың сақталуын бақылауды, азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша схемаларды тергеп-тексеруді кеңінен қолданады.
Жергілікті атқарушы органдар профилактикалық бақылау шеңберінде «үй жанындағы дүкендерде» 15% үстемақыны арттыруға жол бермеу бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұдан басқа, «айналым схемасын» қаржыландыру және тұрақтандыру қорларын қалыптастыру 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізушілер үшін жалдау ақысын төмендету мәселесі пысықталуда», - деді Ералы Тоғжанов.
Айтуынша, осы аталған жылдың бірінші тоқсанында азық-түлік өнімдерінің баға индексін 10% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берген.