ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл мектеп түлектері үшін қандай артықшылықтар бар екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биылғы мектеп түлектері үшін ҰБТ-ға дайындалу үшін жақсы жағдай жасалды. Біріншіден, оларда үйде отырып дайындалу мүмкіндігі болды. Екіншіден, базадағы сұрақтар. Үшіншіден, қорытынды аттестациядан босатылғандықтан, назарын тест тапсыратын пәндерге ғана аударуға мүмкіндіктері бар», - дейді Асхат Аймағамбетов Instagram-дағы тікелей эфирде.
Ол ЖОО-ға түскен кезде аттестат бағасын негізге алу керек деп санайтындарға жауап айтты.
«Бұлай болуы мүмкін емес. Біз мұны мүлде қолдамаймыз, себебі мемлекеттік грант конкурстық негізде. Бұл жерде грант алатын адамға объективті түрде қарау керек. Екіншіден, бір мектепте алған «5» деген баға мен екінші мектептегі «5» деген баға мүлде екі түрлі. Объективтілік болуы үшін ҰБТ өтуі керек. Биыл қаңтар айында 11-сынып оқушылары тест тапсырып көрді. Қазіргі уақытта сайтта ҰБТ сұрақтары бойынша 70 нұсқа дайындадық. Оның бәрі – тегін. Мұның бәрі мектеп түлектеріне ҰБТ-ға жақсылап дайындалуға мүмкіндік береді», - дейді ол.