Барлық балабақшаларда баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында «BILIMDI ŪLT» баршаға арналған сапалы білім» ұлттық жобасын таныстыру кезінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «BILIMDI ŪLT» баршаға арналған сапалы білім» ұлттық жобасы әзірленді. Жоба қоғам өкілдерімен, білім саласының сарапшыларымен кеңінен талқыланды, мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталды. Ұлттық жоба - 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы, Қазақстан-2050 Стратегиясы, Мемлекет басшысының және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі міндеттерді қамтыды. Жалпы ол 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шарадан тұрады», - деді Аймағамбетов.
Бірінші міндет - балабақшалардың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Ол үшін мектепке дейінгі ұйымдардың желісі дамытылып, мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық балабақшада баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл өте маңызды.
«Соның ішінде балабақшалардың мемлекеттік білім беру стандарты «Ойын арқылы оқыту» принципі бойынша өзгертіледі. Осыған орай, балаларды ерте жастан дамыту бойынша педагогтарға біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылытын болады. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға жетеді, ал 3-6 жаста қамту 100% болады», - деді министр.