19 сәу, 2022 сағат 12:09

Аймағабетов педагогтерді аттестаттауды алып тастау ұсынысына пікір білдірді


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерді аттестаттауды алып тастау туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық біліктілік тестілеу кезінде мұғалімнің қайтыс болу оқиғасынан кейін мұғалімдер тапсыратын біліктілік тестерінің саны азая ма? БАҚ өкілдері Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке осындай сұрақ қойды. 

«Аттестация рәсімін алып тастау – ең көп түсетін ұсыныстардың бірі. Оны мен жасыра алмаймын. Мұның алдында 2018 жылдан бастап аттестация енгізілді. Мен осы тестілеуді алып тастаймыз десем, бәрі бөріктерін аспанға лақтырып, қуанатыны түсінікті. Бірақ бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Ең қажеті – білім беру сапасы», - деді министр.

Сондай-ақ ол салаға қатысты шешім қабылдағанда ең әуелі жекелеген топтарға емес, жалпы халыққа пайдалы жағын негізге алатынын түсіндірді.

«Бізде ең басты мәселе – жақсы білім алу мәселесі. Сондықтан біз біреуге ұнау үшін, біреудің тілін табу үшін осындайшешімдер қабылдамаймыз. Біз елге қажетті шешім қабылдаймыз. Бұл өте маңызды мәселе. Осыған көңілдеріңізді аударамыз», - деді Асхат Аймағамбетов.