23 қар, 2021 сағат 17:41

Айдос Үкібай Назарбаевтың шешімін түсіндірді


Елбасының кеңесшісі - баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan төрағасы өкілеттігін беру туралы шешімін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Нұрсұлтан Әбішұлы атқаратын қызметтеріне қарамастан, ұлтымыздың көшбасшысы - Елбасы, қазіргі заманның көрнекті саясаткері, әлемдік қоғамдастық мойындаған беделді тұлға болып қала беретінін түсіну керек.

Қазіргі заманғы Қазақстанды құрудың бастауында тұрған, өз жанын елге салған және оған бүкіл өмірін арнаған адам әрқашан халықтың мүдделерімен өмір сүретінін, ұлттың және бүкіл елдің болашағы үшін күресетінін әркім түсінеді деп ойлаймын. Елбасының бұл ұстанымы өзгеріссіз қалады", - деп түсіндірді Айдос Үкібай.

Назарбаевтың бүгінгі шешімі билік транзитінің заңды жалғасы ғана екенін айтты.

"Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Nur Otan партиясы, әсіресе, қазір пандемиядан туындаған жаһандық дағдарыс жағдайында Қазақстан Президентінің басты тірегі болуы керек.

Партия жарғысына сәйкес оның төрағасын сайлау және қызметтен босату Nur Otan партиясы съезінің айрықша құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып қала береді", - деп қосты Елбасының кеңесшісі – баспасөз хатшысы.