05 сәу, 2022 сағат 18:36

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттау себебін айтты


Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров аграрлық техника құнының өсуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аграршылар тарыпынан отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасына бағаның күрт өскені туралы шағымдар түсіп жатыр. Қазіргі кезде осы техинканың елеулі түрде қымбаттауы болып жатыр, оның ішінде отандық кәсіпорындардың өніміне де қатысты. 2022 жылдың басында отандық зауыттардан шығарылған ауыл шаруашылығы техникасының құны трактор мен комбайндар бойынша 2021 жылмен жылмен салыстырғанда 13-тен 24 пайызға дейін өсті», - деді А. Сапаров Сенаттағы дөңгелек үстел отырысында. 

Осы орайда ол қазіргі уақытта техниканы жеткізушілер мен өндірушілер бағаны әлі де өсіруі мүмкін екенін айтты. 

«Ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттауына әлемдегі экономикалық ахуал әсер етіп отырғаны түсінікті. Бұл ретте сауда желесі тізбегінің бұзылуы, валютаның құбылмалығы, жабдықтар мен бөлшектердің қымбаттауы, сондай-ақ көлік қызметі құнының өсуі ықпал етуде. Дегенмен, отандық өндіріс техникасына бағаның қадағалаусыз өсуіне жол берілмеуі тиіс. Сонымен қатар, әлемдегі соңғы саяси оқиғаларға байланысты Ресей мен Беларусьтің алдыңғы қатарлы өндірушілерінен Қазақстанға бөлшектердің жеткізілуі тежеліп тұр. Сонымен қатар Ресей мен Беларусьтің аумағы арқылы басқа елдерден транзитпен келетін техника мен бөлшектердің жеткізілуі қиындады», - деді вице-министр.